Квадроциклді басқара алмай қалған: 22 жастағы қыз оқиға орнында мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Бурабай ауданында квадроциклдің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан 22 жастағы Астана тұрғыны қаза тапты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Фото: Pexels

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, 7 шілде күні Зеленый Бор мен Бурабай кенттерінің арасындағы автожолда квадроцикл тізгіндеген 22 жастағы елорда тұрғыны көлікті басқара алмай қалғаны себепті аударылып қалған. Ауыр жарақат алған бойжеткен оқиға орнында көз жұмды.

Квадроциклде бірге болған 2007 жылы туған Астана қаласының тұрғыны медициналық көмекке жүгінді.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметі, мотокөлікті жалға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы оқиғаға әсер етуі мүмкін өзге де себептер тексеріліп жатыр.

Осыған байланысты полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын квадроциклдер мен өзге де мотокөліктерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жолға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеріп, міндетті түрде қорғаныс құралдарын кию, қауіпсіз жылдамдықты сақтау және белгіленген талаптарды бұзбау қажет. Бұл қарапайым ережелер адам өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Еске салайық, бұған дейін Бурабай ауданында қарда жүретін көлік ағашқа соғылып, жолаушы қыз ауыр жарақат алып, комаға түскен болатын. Кейін Ақмола облысының дәрігерлері 25 жастағы бойжеткеннің өмірі үшін тоғыз күн күрескенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Осы оқиғадан кейін өңірде қарда жүретін көліктер мен квадроциклдерді пайдалануға қатысты кешенді тексеріс жүргізілген еді.

Акмола облысында жол апатынан бес адам қаза тапқан еді.