КВИ-мен ауырып, жансақтау бөлімінде жатқандардың дені елордада тұрады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінен реанимациялық тәртіпте емделіп жатқандардың көбінде басқа да ілеспе аурулары ушығып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Реанимациядағы науқастардың негізгі контингенті – бұл ілеспе аурулары бар 50 жастан асқан адамдар. Пациенттердің 24,2 пайызында артериялық гипертензия, 9,1 пайызында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 6,1 пайызында жүректің ишемиялық ауруы, сондай-ақ 6,1 пайызында қант диабеті және тағы басқа аурулары бар», - деді А. Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде.

Министрдің мәліметіне қарағанда, реанимация бөлімшелерінде 18 адам жатыр. Олардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады – 11 пациент. Жамбыл облысында 1 бала жасанды өкпе вентиляциясы аппаратына қосылды.

«Коронавируспен ауырған науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2387 мобильді бригада ұйымдастырылған. Оның ішінде ауылдарда 1010 мобильді бригада жұмысын жалғастырып отыр. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 423 қызмет көрсетті», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, әлемде сырқаттану деңгейінің өсуімен қатар, Қазақстанда да 20 маусымнан бастап коронавирус инфекциясына шалдығу деңгейі өсті.

Сонымен қатар, коронавирус көп таралып жатқан өңірлер белгілі болды.