Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясынан емдейтін ауруханадағы кереует саны қайта артты.
«Коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдар облыстық инфекциялық аурухана мен фтизиопульмонологиялық орталықта ем қабылдап жатыр. Аудандар да ем қабылдап жатқан адамдар бар. Бұрын 7-8 адам ғана дәрігер көмегіне жүгінсе, соңғы күндері 40-қа жуық адамнан вирус анықтала бастады. Аудандар бойынша Ойылда 15, Қарғалы мен Хромтауда 6-7 науқас бар. Көбі Ақтөбе қаласында. Карантин талабын тұрғындар сақтамайды. Наурыз мерекесінде карантин шектеуі күшейсе де, адамдар қонаққа барып жүр. Маска тақпайды, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Қазіргі кезде 13 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
«Көбіне 60 жастан асқан адамдарға вирус ауыр тиеді. Жастар — тасымалдаушы. Сондықтан егде жастағы адамдар той, садақаға бармауы тиіс. Дәл осы күйінде қыдырып жүре берсе , «қызыл» аймаққа кіреміз. Ол кезде карантин күшейіп, блокпостар да қайта қойылады. Шешуші сәтте ақылға келіп, үйде отырған абзал», - деді Рүстем Исаев.
Айта кетейік, бұған дейін тек пневмонияға қарсы ем жүргізген облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта 70 кереует дайындалып, коронавирус инфекциясына шалдық науқастар қабылдана бастады. Сонымен бірге 100 кереуетті наркодиспансер де COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылады. Ал «Шағала» сауықтыру орталығы карантиндік стационарға айналады. Рүстем Исаевтың айтуынша, дәрі-дәрмек жеткілікті.