Қылмыс жасалмайтын ауылдар саны 14-ке жетті – Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бұған дейін Ақтөбе облысының 6 ауданында орналасқан 10 ауылда соңғы екі жылда қылмыс тіркелмеген еді. Араға үш ай салып, қылмыссыз ауылдардың қатары 14-ке артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қылмыс мүлдем жасалмайтын ауылдарды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі тізіп өтті: Ырғыз ауданының Құрылыс, Шеңбертал, Жаныс би, Құйлыс; Алға ауданының Амангелді; Мұғалжар ауданының Бұлақты, Миялыкөл; Темір ауданының Тасқопа; Әйтеке би ауданының Ақкөл, Ақтасты, Толыбай, Қайрақты; Хромтау ауданының Тассай ауылы.

«Мұғалжар ауданы Егіндібұлақ ауылдық округінің Бұлақты ауылында бүгінде 105 үйде 476 тұрғын тұрады. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен құқық бұзушылықтың жоқтығы көз қуантады. Бұл көрсеткіш –Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Аңдақұлов пен округтің учаскелік полиция инспекторы Дастан Сақтағановтың тыңғылықты қызмет етуінің жемісі.

Егіндібұлақ ауылдық округі 1929 жылы орталығы Шиілі ауылы №52 жылқы зауыты болып құрылған. 1931 жылы орталығы Родник елді мекеніне көшірілді. 1940 жылы асыл тұқымды жылқы өсіріп, табысқа жетті. 2008 жылы ауыл атауы Бұлақты болып ауысты.

Соңғы жылдары «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Бұлақты ауылында бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде тұрғындарға арналған демалыс алаңы мен Ақтангер жүйріктің ескерткіш мүсіні ашылды. Сонымен қатар Миялыкөл ауылына байланыс мұнарасы орнатылып, «Beeline» ұялы байланыс қондырғысы қондырылды. Бұлақты негізгі мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұлақты ауылына медициналық пункт салу жоспарлануда», - делінген өңір әкімдігінің мәліметінде.

Бұдан бөлекк, аталған ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 жоба мақұлданған. Бағдарламаның негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту. Ауылдағы ағайын құс өсіріп, өсімдік егіп, шағын бизнес ашып, табысқа жетуде.

Ауылдың аты айтып тұрғандай, айналасы бұлаққа толы мекеннің маңында ежелгі тарихи ескерткіштер табылған. Бүгінде Мұғалжар ауданы бойынша географиялық жағынан 5 киелі орын анықталса, соның екеуі Бұлақты маңында орналасқан. Олар —Төлеубұлақ петроглифтері мен Қарағұл кесенесі. Бүгінде бұл ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынған.