Мұндай пікірді «Қамаудағылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі коалиция» қоғамдық бірлестігінің басшысы Константин Гудаускас айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коалиция өкілінің айтуынша, заңнан аттап, қоғамға қауіп төндірген қылмысты азаматтарды әрқашан күштік құрылымдар бақылауы керек.
«Қылмыстық атқару мекемелерін әділет органдарының басқаруына беру туралы көп айтылып жүр. Біздің ұйым бұл бастаманы қолдамайды. Радикалдармен күштік құрылымдар жұмыс істеуі қажет. Колонияларда тәртіп әлсіресе, ол хаос көшеге көшуі мүмкін» - дейді Константин Гудаускас.
Құқық қорғаушы түзету мекемелеріндегі азаптау фактілеріне қатысты да өз пікірін білдірді.
«Кеше ғана Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін аралап қайттық. Азаптау туралы шағымдар көп болғанымен, соның басым бөлігі расталмай жатады. Ол адамдардың заңнан аттағанын ұмытпау керек. Қазір абақтыларда радикалдық ағымдардың өршіп тұрғанын ескерген жөн. Олардың көбі исламның күмәнді ағымдарын ұстанады. Біз қоғамдық ұйым ретінде бұған қатты алаңдаймыз. Бұл мәселе бойынша қылмыстық атқару жүйесінде нақты ұстаным болмаса, аталмыш проблема бостандықта көрініс беруі мүмкін», - дейді коалиция басшысы.
Еске салсақ, бүгін елордада қылмыстық атқару жүйесін реформалау мәселесіне арналған ашық диалог форматындағы форум өтіп жатыр.