Қытайдың кедендік атташелер клубы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап концерт қойды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Чаоян» орталық Бейжің паркіндегі «Цзиньтай» музейінде Кедендік атташелер клубының мүшелері Қазақстан Тәуелсіздігі мен еліміздің кеден органдарының құрылуына 25 жыл толуына арнап концерт қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Бейжіңдегі тілшісі.

Шараны Қазақстанның Қытайдағы елшілігі жанындағы кеден органдарының өкілдігі ұйымдастырды. Шара Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Концерт Бейжіңнің бизнес және технологиялар университетінің студенті Нұргүл Аганинаның орындауындағы «Туған жер» әнімен басталды. Одан соң көрермендер Бейжіңнің орталық консерваториясының виолончелистері Тоғжан мен Чун Наюннің орындауындағы әнді тыңдады. Концертте оған қатысып отырған мемлекет өкілдерінің барлығы өнерлерін паш етті. Концерт жаппай орындаудағы «Shalala» әнімен аяқталды. Сондай-ақ онда қонақтарға сыйлықтар таратылды.


«Мен бүгінгі шараға қатысқаныман ризамын. Қытайдың кеден органдарының атынан барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын. Келесі жылы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының орныққанына 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Қытай қатынастары тек нығаюмен болды. Көптеген салалар бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Соның ішінде кеден органы саласы бойынша да. Мен Қазақстанның болашақта да дами беретініне сенемін және біздің кеден саласындағы қазақстандық әріптестеріміз өз мемлекеттерінің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосады»,-деді Қытайдың Бас кеден басқармасының халықаралық ынтымақтастық департаментінің жетекшісі Чжао Жуся.



Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің кеңесшісі, Қазақстанның кеден қызметінің полковнигі Сәуле Нұрғалиева қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады.

«Бүгін біздің студенттеріміз керемет әндер мен билерді орындады. Бүгін Кедендік атташелер клубының мүшелері оларды қазақ мәдениетінің озық үлгілерімен таныстырғанымыз үшін алғыстарын білдірді. Олар тек қазақ қыздарымен қатар, халқымыздың әдеп-ғұрыптары мен мәдениетінің де әсем екендігіне көз жеткізді. Әріптестер осындай дарынды ұл-қыздары бар Қазақстанның болашағының зор екендігіне кәміл сенеді»,-деді ол Қазақстан мен Қытайдың кеден органдары өкілдерінің ынтымақтастық бағытындағы жетістіктеріне тоқтала келе.

      

Чжао Жуся 2017 жылы екі елдің кеден органдарының ынтымақтастығына 20 жыл толатындығын атап өтті. Осыған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Бейжіңде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, баскетболдан турнир ұйымдастырған болатын.

Кедендік атташелер клубы Қытайда 2008 жылдың маусым айында ҚХР-ның бас кедендік басқармасы өкілдерінің бастамасымен құрылған болатын. Оған әлемнің 30 мемлекетінен 50-ге жуық кедендік атташелері мүше болды. Клубтың мәжілісі оған мүше елдердің өкілдерінің кезекпен басқаруында ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Ұйымның мақсаты оған мүше елдердің кеден органдарының ынтымақтастығын арттыру.