Жаттығуға департаменттің режим, бақылау және күзет бөлімінің бастығы Талғат Шәрібаев, ЛА-155/18 Тергеу абақтысы бастығының міндетін уақытша атқарушы Думан Рахманов, Алматы қалалық прокуратурасы жазалардың орындалу заңдылығына қадағалау жасау басқармасының прокуроры Абзал Толтаев, Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ж.Байкенов, осы ауданның төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бас маманы Ж.Есжанов қатысты.
Жоба бойынша мекемеде бой көрсеткен жаппай тәртіпсіздіктің алдын алуға абақтының 153 қызметкері мен ішкі істер органының 25 сақшысы, МАИ-дың екі, өртке қарсы қызметтің бір экипажы және жедел жәрдемнің бір бригадасы қатысып, тосын жағдайларда қандай әрекеттер жасайтындығын тәжірибе жүзінде көрсетті. Соның нәтижесінде абақты қапастарының бірінен бой көтерген тәртіпсіздік айналдырған аз ғана уақыттың ішінде ауыздықталды. Алдымен әдеттегідей ішкі тәртіпті өзгертуді талап еткендермен келіссөздер жүргізіліп, бейбіт келісімге қол жеткізілмегеннен кейін өрт сөндіргіш көлігінен ағыны қатты су жіберіліп, қысқа уақыт ішінде бүлік көтеруге талпынғандар залалсыздандырылды. Жаттығу жасандылықтан ада, өмірде жиі кездесетін жағдайлармен сәйкестендіріле өткізілгендіктен, ол шынайы оқиғадай әсер қалдырды.
- Тергеу абақтысындағы жұмыстың өзіне тән ерекшеліктері бар екенін ұмытуға болмайды. Ол қашан да қырағылық пен жауапкершілікті талап етеді. Мына ұйымдастырылып отырған жаттығудың негізгі мақсатының өзі сол талаптың жеке құрам арасында қаншалықты сақталғандығын байқау болатын. Сәтті өткен жаттығу қызметкерлердің даярлығының жоғары екендігін көрсетіп берді, - дейді ЛА-155/18 Тергеу абақтысы бастығының міндетін уақытша атқарушы Думан Рахманов.