ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалықтар қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану фактісіне куә болған жағдайда WhatsApp арқылы құзырлы органға хабарлай алады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыста қызметтік автокөліктердің мақсатты пайдаланылуына мониторинг тұрақты жүргізіліп келеді. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті WhatsApp мессенджерінде аккаунт ( 77057872626) ашты. Тұрғындар қызметтік автокөліктерді жұмыс бабынан тыс пайдалану деректерін видеоға немесе суретке түсіріп, департаментке жолдай алады.
«Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде автокөлік құралдарын ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануы тиіс. Сондай-ақ, кез келген азаматтың WhatsApp арқылы мемлекеттік ұйымдарға тиесілі автокөліктің жеке мақсатта пайдаланылғаны туралы фактілерді дәлелдерімен бірге жолдау мүмкіндігі бар», - деді Берікбол Байхожаев.
Айта кету керек, жыл басынан бері қызметтік автокөлікті қызметтік мақсаттан тыс пайдаланған 2 мемлекеттік органның басшысына Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен тәртіптік жаза қолданылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.