Қызылорда облысында 20-дан астам елдің елшілері болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Қазақстандағы 20-дан астам мемлекеттің дипломатиялық миссия өкілдері мен елшілері,

сондай-ақ БҰҰ, ЮНИСЕФ, Еуразиялық даму банкі, ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Делегация «Байқоңыр» ғарыш айлағында болып, зымыранның көкке көтерілу сәтіне куә болды. Одан кейін шетелдік меймандар Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенін тамашалады.

4 маусым күні Қызылорда қаласында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Оларға алдымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі, отандық және шетелдік инвесторларды қолдауға бағытталған инвесторларға қызмет көрсету орталығының жобасы таныстырылды. Аймақ болашағы үшін таяу арада жүзеге асырылатын перспективалық жобалар да дипломатиялық корпустың назарына ұсынылды. Олардың арасында шыны зауытының құрылысы, Жаңақорғандағы ванадий кен орны, кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы және басқа да жобалар бар. Өңір басшысы Қ.Көшербаев қонақтарды аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды.

«Қызылорда облысы қолайлы геосаяси аумақта орналасқан. Барлық елді мекендер Сырдария өзенінің бойында. Бұл қай жағынан да пайдалы. Мемлекет басшысы Сыр еліне үнемі қолдау білдіріп келеді. Біз енді инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отырмыз», - деді өңір әкімі.

Қ.Көшербаев сондай-ақ «Қорқыт ата» кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қызылорда облысының басты символы және әлемдегі теңдесі жоқ нысандар болып табылатынын атап өтті.