Қызылорда облысында 366 медицина қызметкеріне 54,3 млн теңге төленді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы жұқпалы аурулар ауруханасының орта буын қызметкері Сәуле Тәуекелова 17 тәуліктен бері қызмет орнынан үйге қайтқан жоқ.

Сол уақыттан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың денсаулығын сақтау жолында белсенді қызмет атқарып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста 28 наурыз күні аталған инфекция жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Сол уақытта жұмыс орнымда кезекші едім. Сол күні алғашқы науқас түсті. Ауруханадағы барлық медицина қызметкерлері күшейтілген жұмыс түріне көшірілді. Біз ауруханада қалып жұмыс істейтін болдық. Басты мақсатымыз - халықтың, соның ішінде айналадағы азаматтардың денсаулығы сақтау. Содан бері бүгін 17 тәулік, өтті. Алғашқы науқас жазылып, отбасына оралып жатыр. Ал, біздің тағы бір жаңалығымыз наурыз айының да жалақысы қолымызға тиді. Маған 250 мыңнан артық қаржы түскендігі туралы хабарлама келді. Ең бастысы, індеттің ошағын өшіріп, науқастарымыздың құлан таза айығуын тілейміз», - деді Сәуле Әділбекқызы.

Сәуле Әділбекқызының 32 жылдың еңбек өтілі бар. Отбасында 3 бала тәрбиелеп, бүгінде 5 немере сүйіп отыр.

Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерін қаржылық қолдау ұйымдастырылды. Алдымен бірінші тәуекел тобына жататын инфекциялық стационардағы барлығы 33 адамға қосымша 5,1, екінші тәуекел тобына жататын провизорлық стационардағы барлығы 177 адамға қосымша 36,4 млн теңге беріледі. Ал үшінші тәуекел тобына жататын карантинді стационардағы 156 қызметкер қосымша 12,9 млн теңге алады. Барлығы 366 медициналық қызметкерге 54,3 млн. теңге төленді.

Қызылорда облысында аталған диагоноз қойылған 119 науқас бар.