Қызылорда тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жергілікті полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтағаны үшін 49 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары жедел іздестіру шарасын жүргізді. Аталмыш шара барысында Қызылорда қаласының 49 жастағы тұрғыны ұсталды.

«Қолға түскен азаматтан жалпы салмағы 1 келі 400 грамнан асатын гашиш есірткі заты тәркіленді. Ол скотч пен газет қиындысына оралған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталмыш дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Ол кінәсін толығымен мойындады. Аталған азамат Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды.