ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеп жүрген азамат қалыңдығымен некеге отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жас бұрыннан бір-бірімен сөз байласып жүрген. Дегенмен С.Ш азамат аяқ астынан жол-көлік оқиғасына ұшырап, 2 жыл 6 айға сотталып кеткен.
Оның сүйген қалыңдығы аталмыш рәсімге орай Ақтау қаласынан арнайы келді. Екеуі түзеу мекемесі заңгерінің көмегімен Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінде некеге отыру туралы өтініш толтырып, өздерінің некелерін заңды түрде қиды. Осылайша екі жас неке куәлігін алды.
«Біз өміріміздің қалған бөлігінде бақытты отбасы құруды мақсат етеміз. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, тату-тәтті ғұмыр кешуді дұрыс көреміз», - дейді олар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.