ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада сағатына 230 шақырым жылдамдықпен көлік басқарған жүргізуші жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға 10 сәуір күні тіркелген. Ол бойынша әлеуметтік желіде автокөліктің жылдамдығын асыру дерегі бойынша бейнежазба жарияланған.
Оқиғаға байланысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
«Облыс орталығындағы Н.Назарбаев даңғылында Кірістер департаменті тұсында орналасқан «Аркан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысына сағат жергілікті уақытпен 06:05-те «Mercedes benz» үлгісіндегі автокөлігімен сағатына 230 шақырым жылдамдық асыру дерегі анықталды. Бұл бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабының 3-бөлігіне сәйкес ұйғарым шығарылды. Оған 20 АЕК (61260 теңге) көлемінде айыппұл салынып, ол өндіріліп алынды», - деп жазылған хабарламада.
Еске салсақ, Қызылордада биыл 22 қылмысты жасыру дерегі анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.