Қызылордада «Байқоңыр» инвестфорумы басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада кезекті «Байқоңыр» инвестициялық форумы басталды. Бұл ел еңсесін тіктеуге мүмкіндік беретін жобалардың жүзеге асуына, инвесторлармен әріптестік байланысты нығайтуға жағдай тудырады.

Облыс әкімдігі үшінші мәрте ұйымдастырып отырған келелі шараның алғашқы күнінде Сыр еліне табан тіреген мәртебелі меймандар қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата мемориалды кешенін аралады. Одан кейін «Қызылорда облысы туризмінің дамуы» деген тақырыппен өткен секция жұмысына қатысуы жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, форумға қатысушылар Байқоңыр қаласында болып, сондағы ғарыш айлағының өткенінен сыр шертетін мұражай және монтаждау-сынақ корпусының жұмысымен танысады. Сондай-ақ «Союз» зымыранының ұшырылған сәтін тамашалайды. Кезекті шара ертең Қызылорда қаласында секция жұмыстарымен жалғасып, қорытындыланады.

Айта кетейік, форумға бизнес қауымдастығы, түрлi салалық қауымдастықтар мен бірлестіктер, халықаралық ұйымдар, шетелдік дипломатиялық миссиялар, ірі халықаралық қаржы институттары мен компаниялардың өкілдері қатысуда.