ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада біреудің ауласында тұрған шетелдік көлікті ұрлап кеткен адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға Қызылорда қаласында орын алған. Жергілікті тұрғын өзінің ауласынан шетелдік көлігі қолды болғаны жөнінде полицияға арызданған еді. Түн ішінде белгісіз біреу көлікті айдап алып кеткен.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көп ұзамай көлік құралын заңсыз иемдену қылмысын ашты. Күдікті ретінде Қазалы ауданының 32 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол бұрын сотты болған.
«Орын алған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) жағдайы көрсетілген. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.