ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында екі адамды қағып, біреуін мерт қылған көлік жүргізушісі бір айдан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, бұл оқиға биылғы жылдың 20 қаңтарында кешкі сағат 20.00 шамасында болған еді. Белгісіз жүргізуші автокөлікпен Қызылорда қаласы, Шевченко көшесі №102 үйдің тұсында екі адамды қағып кеткен.
«Осының салдарынан бір адам көз жұмды. Автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалаған. Аталмыш жол-көлік оқиғасы бойынша білген, көрген, естіген куәлар болса, облыстық полиция департаментіне хабарласуға болады» , - дейді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қызылорда облыстық полиция департаменті кінәлі тұлғаның айыбын мойындап келуі қылмыстық жауаптылықты жеңілдететінін хабарлайды. Ол Қазақстан Республикасы Кылмыстық кодексінің 53 бабында көрсетілген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.