ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада екі қыз баланы қағып кетіп өлтірген жүк көлігінің 38 жастағы жүргізушісі сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға 2019 жылдың 30 мамырында болған. Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі Әбдіқадыров көшесі бойында «КаМАЗ» жүк көлігі келе жатқан. Ауыр көлік жол жиегінде ойнап жүрген екі бүлдіршін қызды қағып кеткен. Нәтижесінде олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі балалар ауруханасында барғаннан кейін қайтыс болды. Жүк көлігінің жүргізушісі сол сәтте мас болғаны анықталды.
«Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен, 347-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ер адам тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметінен.
Бұдан бұрын Қызылордада жүргіншілер жолында көлік адам қаққанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.