ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада тергеу изоляторында қамауда отырған ағасына бауырсаққа жасырып телефон өткізуге әрекет еткен қарындасы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған сәлемдемені тексерген мекеме қызметкерлері бауырсаққа жасырылған тыйым салынған затты тәркіледі. Қарындасы ағасына «Nokia» маркалы телефоны мен қуаттағыш құрылғысын фольга кағазына орап, бауырсақ ішіне жасырып өткізбек болған.
«Қамаудағы ағасы ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481 бабына сәйкес іс қозғалды. Құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз маманы .
Бұдан бұрын да Қызылордада тергеу изоляторында сәлемдемеден телефон табылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.