ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында каналға суға батып кеткен екі адамның бірі 13 жастағы қыз баланың денесі бір күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, оқиға Жаңақорған ауданына қарасты Көктөбе ауылы аумағындағы Келінтөбе каналында 27 маусымда болған Сол күні сағат 14:12 шамасында Шымкент қаласының 1988 жылғы ер азамат пен 2008 жылғы қыз бала суға батып кеткен .
Сол күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жасағының мамандары олардың денесін іздестіруге кірісті. Алғашқы күнгі іздестіру өз нәтижесін берген жоқ. Бұл жұмысбүгін, 28 маусымда таңіғы сағат 6.00-ден бастап қайта жалғасты.
«Түскі сағат 13.04-те Қандөз ауылында көпірге 50 метр жетпей 13 жастағы қыз баланың денесі табылды. Ол шамамен оқиға орнынан 12 шақырымдай қашықта. Ал 33 жастағы ер адамның денесін іздестіру жалғасуда», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.