ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Оларға кәсіпкерлерден, қарапайым азаматтардан қорқытып ақша, мүлік тартып алу және есірткінің заңсыз айналымына байланысты бірнеше қылмыс жасады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті арнайы жедел іздестіру шараларын жүргізді.
«Нәтижесінде Қызылорда қаласында кәсіпкерлерден, қарапайым азаматтардан қорқытып ақша мен мүліктерді тартып алумен және есірткінің заңсыз айналымына байланысты бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексі 201-бабының талабына сәйкес жария етілмейді», - деді Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада үш күнде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 19 дерек анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.