ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Шыңғыс Жұмадиллаев кәсіпкердің қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуы арқылы және жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерді ұйымдастыру, жүргізуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін жазаға тартылды.
Бұл шешім облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осылайша қалалық ветеринария бөлімінің басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы бойынша көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген. Осыған байланысты оның қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолдану жөнінде шешім етті», - деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыров.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абзал Мұхимовтың басшылығымен өткен кеңес отырысында 8 мәселе қаралды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.