Спорттық жарыстың өткізілу мақсаты - полиция қызметкерлері арасында спортты, оның ішінде жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып, спорттық даярлығын көтеру.
Марафон сағат 08.00-де Сұлтан Бейбарыс көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысынан («Сыр Ана» монументінен) басталып, Есенов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында («Еуразия» спорт кешені алаңында) мәресіне жетті. Командалық жарысқа Жергілікті полиция қызметінен, Қалалық ішкі істер басқармасынан және барлық сала қызметтерінен 250-ге жуық қызметкер қатыстырылды. Марафонның шарты бойынша 500 метр қашықтықты еңсеріп, мәре сызығын бірінші боп кескен 3 қызметкер жарыс жеңімпаздары болып табылады.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Қалалық ішкі істер басқармасы Криминалды полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі полиция сержанты Ербол Смағұлов иеленсе, ІІ орынды Қалалық ішкі істер басқармасы Штаб бөлімшесінің инспекторы Нұрдәулет Пазылбекұлы қанжығасына байлады, ІІІ орынға Қалалық ішкі істер басқармасы Техникалық қызмет бөлімшесінің инженері полиция аға лейтенанты Бердібек Жақыпов табан тіреді. Ал ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы полиция майоры Гүлнар Дүйсенова «Жеңіске жігерлік танытқаны үшін» аталымы бойынша марапатталса, ОІІД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция полковнигі Айдарбек Маншарипов «Жасы үлкен спортшы» атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қызылорда облысы ішкі істер департаменті басшылығы тарапынан мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.