ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрахманова Сыр өңірінің тарихы мен киелі жерлерін, туған жердің тұлғалары мен қасиетін дәріптеу мақсатында «Сиқырлы кілт» атты танымдық-фантастикалық мультфильмді ел назарына ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
С. Әбдрахманова анимациялық мультфильм жасап шығу үшін 6 ай уақыт жұмсады. Мультфильмнің жасалуына «Bilim Foundation» қоғамдық қоры демеушілік жасаған.
«Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтар мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ, кейіпкерлердің үніне облысқа танымал әртістердің дауысы пайдаланылды. Менің бұл жұмысым Сыр елінің туған күніне жасаған тартуым болмақ», - деді С.Әбдірахманова.
Айта кетелік, Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін анимациялық фильм бұрын болмаған.
«Бұл туынды біздің әрбір мектеп оқушысына Сыр өңірінің табиғатын тануға, тарихын білуге көмегін береді деген үміттеміз. Өлкетану бағытындағы әрбір сабақта пайдалануға қолайлы ең тиімді құралға айналады деген ойымыз да бар», - деді «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.
«Сиқырлы кілт» мультфильмінің тұсаукесері ертең, 13 маусымда болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.