ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада түзеу мекемесіне келген сәлемдемеден, қолдан жасалған құрт ішінен есірткі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен жазасын өтеп жатқан В. есімді азаматқа жолданған сәлем-сауқаттың ішінен есірткі тектес зат анықталды. Алты дана құрттың ішінен дәкеге оралып салынған өзіне тән хош иісі бар шөп тәркіленді.
«Мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды. Тәркіленген зат бойынша сот сараптама жұмыстарының нәтижесінде ол салмағы 3,2 грамм кептірілген марихуана болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.