ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада көлікті мас күйінде басқарып, жол ережесін бұзған жүргізуші полицейлерден қашып кетуге әрекеттенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласының орталық көшесінің бірінде түнгі уақытта патрульдік полиция экипажы жол ережесін бұзған УАЗ автокөлігін байқаған. Жүргізуші полицияның көлікті тоқтату туралы талабын ескерген жоқ. Полицейлер автокөлікті қала шетіндегі жолсыз жерде ұстады.
«Тексеру барысында автокөлікті көлік құралын басқару құқығынан айырылған 46 жастағы қызылордалық тұрғын басқарғаны анықталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің екі бабы бойынша, яғни 613-баптың 3-1-бөлігімен және 612-баптың 1-бөлігімен хаттамалар толтырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын отбасы шырқын бұзған 852 қызылордалық есепке алынды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.