Отбасы шырқын бұзған 852 қызылордалық есепке алынды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында отбасы шырқын бұзған 852 адам есепке алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отбасы шырқын бұзған 852 қызылордалық есепке алынды

Облыс орталығында жыл басынан 102 арнасына отбасы жанжалы бойынша 962 хабарлама түскен. Тұрмыстық қарым-қатынаста сыйламаушылық әрекетін жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен 78 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Полиция тарапынан отбасы шырқын бұзған 852 адам қорғау нұсқамасы санатымен есепке алынды. Сондай-ақ, 234 адамның мінез-құлқына қатысты сот қаулысымен ерекше талаптар белгіленген. Оларды жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрғылықты мекенжайлары бойынша үнемі тексереді. Қайта құқық бұзушылыққа бармау бағытында түсіндірме жүргізіледі», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.

Ведоомство мәліметінше, қала аумағында 3 әлеуметтік дағдарыс орталығы бар. Аталған орталықтарда жыл басынан 87 әйелге әлеуметтік көмек көрсетілген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада танысын өлтірген ер адам 13 жылға сотталды .