Қызылордада көп жылғы үзілістен кейін қайтадан дестелегіш шығарылмақ

ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордада көп жылғы үзілістен кейін қайтадан дестелегіш шығарылмақ.

Өткен аптада Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жаханов пен Украинаның «Бердянсксельмаш конструкторлық бюросы» ашық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Виктор Кумпан арасындағы кездесуде десиелегіштер шығару жайы талқыланды. Кездесуде күріш жинауға керекті ЖРК-5 маркалы дестелегіштер осы жерде құрастырып шығаруға мәміле жасалды.

Айта кетейік, Кеңес кезеңінде Қызылордада ЖРК-5 және ЖРК-10 маркалы дестелегіштер шығаратын «Рисмаш» деген зауыт болды. Заманында КСРО Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау министрлігіне тікелей қараған оның болашағы да зор көрінетін. Бірақ егемендік алғаннан кейінгі жылдары оның тізгіні қолынан іс келмейтін кәсіпкерлерге тапсырылды да, ақыры бір кездері атағы дүркірей бастаған зауыт жабылып тынған. көп жылғы үзілістен кейін сол дәстүрді жалғастырудың реті келе бастаған сияқты.