ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада бүгін әлеуметтік желі беттерінде кеңінен талқыланған қызметтік автокөлік ішінде ұйықтап жатқан екі полиция қызметкері жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш видео бүгін, 14 мамырда «Whatsapp» арқылы тарады. Онда қызметтік автокөлік ішінде ұйықтап жатқан екі полиция қызметкері көрсетілген.
«Аталған бейнежазба бойынша Қызылорда облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізді.
Жедел түрде департаменттің тәртіптік кеңесінде әдеп кодексінің талаптарын бұзған екі қызметкердің және оларға тікелей жетекшілік жасайтын басшыларының жауапкершілігі қаралды. Тәртіптік кеңес шешімімен Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің тікелей басшыларына қатаң тәртіптік жаза қолданылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаменті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.