ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көп қабатты үйде өрт шығып, үшінші қабаттағы пәтер тұрғыны балконнан секіріп кетіп, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының хабарлауынша, оқыс оқиға бүгін, 31 қазанда сағат 16.05 шамасында Қызылорда қаласындағы «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №40 үйде болған.
Өрт салдарынан пәтердегі тұрмыстық заттар өртенген. Жалын 20 шаршы метрді шарпыды. Өрт сөндіру қызметі тарапынан сағат 16:29-да пәтер ішіндегі өрт оқшауланып, сағат 16:31-де толық сөндірілді. Отты абайсыз пайдалану салдарынан өрт шыққан.
«Куәгерлердің айтуы бойынша, 3-қабаттағы үй иесі 46 жастағы ер адам өрттен қорғану үшін терезеден секіріп, алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп - тексерудің бірыңғай жүйесіне тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.