Оқиға ақпан айының сегізі күні түнгі сағат 00.05 шамасында Қызылорда-Жалағаш тас жолының 91-шақырымында Мәдениет көпірі тұсында орын алған. Полиция қызметкерлері артқы жарық шамдары жанбаған күйі келе жатқан «Уаз-2206» маркалы автокөлігін байқап, тоқтатады. Автокөлікті басқарып келе жатқан 1964 жылы туылған азаматтың құжаттарын тексеру барысында жүргізу куәлігінің мерзімі өтіп кеткендігін анықтайды. Сонымен қатар, автокөліктің жүксалғышынан 5 мылтық, 1 пышақ және қара түсті пакетке салынған торайдың еті табылды.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабының 1-бөлігі (Маршруттық көлiк құралдарын тоқтату, тұрғын аймақтарда жүру, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау және жол жүрiсiнiң қағидаларын басқа да өрескел бұзуы) және 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.