Еліміздің орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қызылорда облысына жұмыс сапармен келді. Сапар аясында сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшыларымен сайлау процесі мәселесі бойынша ой бөлісті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ортсайлаукомның жұмыс сапары еліміздің барлық өңірінде жасалады.
«Алғашқы кездесуімізді Сыр бойынан бастағанды жөн санадық. Бұл кездейсоқ емес. Қызылорда - Қазақстанның тұңғыш елордасы ретінде зор құрметке ие. Әрбіріміз үшін киелі топырақ», - деді Н. Әбдіров.
Кездесу барысында көпшілік тарапынан аталған тақырыпқа байланысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Қоғам белсендісі Ләззат Бақтыбаева, Ерік Теңізбаев, еңбек ардагері Асылбек Жұмабаев, журналистер Ерқанат Сәрсенбай мен Сәкен Алдашбаев және өзге де азаматтар сайлауды ұйымдастыру мәселесіне байланысты ойларын айтып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Жүздесуде сайлау жүйесін және оның заңнамасын жетілдіру, сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде оны құқықтық тұрғыдан қолдану жөніндегі кешенді мәселелері мен ұсынысы талқыланды.
Н.Әбдіров Ортсайлауком мен сайлау органдарының негізгі міндеті заңнамаға сәйкес барлық сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін ерекше айтып өтті
Еліміздің орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кенті әкімін сайлауға байланысты дайындық шарасымен танысты. Одан кейін аталған ауданның Нағи Ілиясов ауылына келді. Онда былтыр ауыл әкімін сайлау шарасы өткізілген болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада ақпараттық контентті жан-жақты ілгерілету мәселесі таразыланды.