Қызылордада ақпараттық контентті жан-жақты ілгерілету мәселесі таразыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ақпараттық контентті жан-жақты ілгерілету мәселесі таразыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада ақпараттық контентті жан-жақты ілгерілету мәселесі таразыланды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті қос телеарнаға барып, онда редакциялардың шығармашылық ұжымымен кездесті.

Алдымен өңір басшысы «Qyzylorda» арнасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Жаңалықтар қызметінің ақпараттық-студиялық блогы, виртуалды студия мен түсіру павильонының жұмысын саралады.

Телеарна директоры Жағыппар Қарабала ақпараттық саясатты қалыптастыру ісіндегі телеарнаның үлесі мен журналистер арасындағы сабақтастықты атап өтті. Облыс әкімі аталған ұжымда телевизия саласының ардагерлері, журналистер және эфир тізгіншілерімен пікірлесті. Онда ақпараттық контентті жан-жақты ілгерілету жолдарын сөз болды.

Келесі кезекте Гүлшара Әбдіқалықова жаңа форматтағы «11 студия» бағдарламасының қонағы болып, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді. Сұхбатта «қасіретті қаңтар» оқиғасы, егінге дайындық барысы, Сырдария суының жағдайы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлік мәселесі қозғалды.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Qogam» телеарнасына барып, ұжыммен кездесіп, арна жұмысымен танысты.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде облыстық сот ғимаратында орын алған өрт телеарнаға да залалын келтірген. Бірнеше кабинет пен шағын студияны от шарпыған. Қазір телеарна жұмысын қайта қалыпқа келтіріп, хабар таратуды жалғастыруда.

Телеарна құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов телеарнаны сандық хабар тарату форматына көшіру мәселелері мен арна арқылы жас журналистердің тәжірибесін толықтыру сынды ойын ортаға салды.

Еске салсақ, Қызылордада «Өңірлік геоақпараттық жүйе» жобасы қолға алынды.