ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жергілікті тұрғынға үйдің баспалдағын жасап беремін деп 2 миллион теңгені алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс орталығының тұрғыны үй иесіне «үйдің баспалдағын жасап беремін» деген желеумен сеніміне кіріп, 2 миллион теңгеден астам ақшасын алған. Бұл оқиға былтыр болса да келісілген уәде орындалмаған.
Үй иесі аталған мәселемен полицияға жүгінді. Шағым бойынша облыстық полиция департаментінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол кінәсін мойындап, оған қатысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Онда алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену жағдайы көрсетілген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.