ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде орнатылған жаңажылдық шырша өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
112 құтқару қызметіне 1 қаңтарда сағат 2.01-де қала іргесінде орналасқан Табсөгет кентінде жаңажылдық шырша жанып жатқаны жөнінде хабарлама түсті.
«Аталған шақырту бойынша №4 өрт сөндіру бөлімінен 7 қызметкер 1 техникамен оқиға орнына барды. Өрт 2.07-де оқшауланып, 2.08-де толық сөндірілді. Өрттің шығуына электр сымның қысқаша тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Шығын мөлшері анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада көпқабатты үйдегі өрттен 61 жастағы тұрғын күйіп қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.