ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде жасөспірім қызға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күдіктінің үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қалған мәліметтер тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді», - деді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысында биылғы жылы осындай келеңсіз жағдайлар орын алған еді. Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде 18 шілдеде сол елді мекенде тұратын жігіт 12 жастағы қыз баланы зорлап, артынан оны өлтірген болатын. Ал арада бір аптадай уақыт өткенде мұндай оқиға Қызылорда қаласына қарасты саяжайлардың бірінде қайталанып, онда 3 сынып оқушысын зорлап, оны қорғауға ұмтылған анасын өлтірген қылмыскер қолға түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.