ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полиция жол жиегінде велосипедпен келе жатқан жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде болды. Жол жиегінде велосипедпен келе жатқан жасөспірімді белгісіз автокөлік қағып кеткен.
«Полицияға түскен хабарлама негізінде жедел іздестіру шарасы жүргізілді. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы ғимараттардағы бейнекамера жазбаларын қарап шықты. Нәтижесінде екі сағат ішінде күдікті автокөлік анықталды. Көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 2-бөлігімен және 611-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жасөспірімге медициналық көмек көрсетілді. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда трассасында 5 адам мінген көлік каналға құлап кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.