ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жеке үйлердің бірінен ер азамат, әйел және кәмелеттік жасқа толмаған баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында орын алған. Бұл елді мекен Байқоңыр қаласының тап түбінде тұр.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарлауынша аса ауыр қылмыстық оқиға бойынша ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігімен бірге тиісті іс-шаралар қолға алынған.
«Аталмыш оқиға негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қалған мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етілмейді», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ғани Төлебаев.
Бұдан бұрын Қызылордада адамдарды қаққан көлік иесі іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.