ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көп қабатты тұрғын үй алдында тұрған автокөлік толықтай жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға 23 мамырда жергілікті уақытпен сағат 16.46 шамасында болды. Облыс орталығының «Арай-2» мөлтекауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің ауласында тұрған «Volkswagen Golf-4» маркалы жеңіл автокөлігі өртенген.
«Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер автокөліктің толығымен жанып жатқанын көрді. Оған өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Бұдан бұрын Қызылордада тұрғын үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.