29 ақпанында кешке сағат 20.30 шамасында Жедел жоспарлау басқармасына 3 жастағы баланың жоғалып кеткендігі жайлы хабар келіп түседі. Осы оқиға бойынша облыстық департаменттің және қалалық ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы, учаскелік полиция және жол-патрульдік полиция қызметкерлері жіберіліп, Төтенше жағдайлар департаментіне хабарланды.
Бірнеше сағатқа созылған шаралар барысында сол аумақтағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері, кіреберістері, бітпей қалған аяқталмаған құрылыс нысандары, саяжай аумағы тексеріліп, көрген-білген адамдардан жауаптар алынды.
Кейін 3 жастағы бүлдіршін Тасбөгет кенті, ПМК-19 саяжайының батыс жағынан 4 шақырым жерде жыңғыл ағаштарының арасында ұйықтап жатқан жерінен табылды.
Арада бірнеше сағаттан кейін тағы бір жасөспірімнің жоғалып кетуі жайлы дерек тіркеледі. Сол күні кешке шамасында 14 жастағы 8 сынып оқушысы Тасбөгет кентінде тұратын әжесінің үйінен кетіп, оралмаған. Жедел түрде іздестіру шаралары жүргізіліп, жасөспірімның тұрпаттық бейнесі, ерекше белгілері жасалады. Үйден кетіп қалуына себеп боларлық жайттар жан-жақты қаралып, баруы мүмкін орындар тексерілді, құрбылары мен достарынан түсініктемелер алынды. Полиция қызметкерлерінің жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде 14 жасар жасөспірім қыз бірнеше сағаттан кейін табылды.
«Қазіргі таңда, 2 жасөспірімнің де жағдайы «жақсы» деп бағалануда, дін аман ата-аналарына тапсырылды. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде», делінген хабарламада.