ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Иіркөл ауылының тұсындағы «Шымкент-Самара» тасжолының бойында екі жеңіл автокөлік соқтығысты. Оқыс оқиғадан 1 адам қайтыс болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды», деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Қазір облыс аумағында ауа райы қолайсыз болып тұр.
«Жолдағы көктайғақ барлық жол қозғалыс қатысушылары үшін қауіпті. Осыған орай жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолда мұқият болуды ескертеміз», - деді департамент өкілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылордада екі жүк көлігі соқтығысып, бір адам көз жұмған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.