ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Самара-Шымкент» тасжолының бірқатар бөлігіне шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысының Арал ауданы аумағында ауа райы нашарлап тұр.
«Осыған байланысты «Қазақавтожол» ЖШС жолдаған хатына сәйкес елорда уақытымен 23.30-дан бастап республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығында жүк автокөліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұған дейін 26 ақпанға арналған ауа райы болжамы жарияланған еді.
Онда Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталатыны айтылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.