ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада блок бекеттен өтпек болған автокөліктен аса ірі көлемде есірткі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала аумағындағы блок бекетте «Honda Odyssey» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Оны тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 1,5 келіге жуық «марихуана» есірткі заты анықталды. «Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Онда аса ірі көлемде есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Полиция мәліметінше, іс бойынша тергеу жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жариялануға жатпайды.
Еске салсақ, Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 28 блок бекет қойылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.