Қызылордаға 7 келі марихуана апара жатқан ақтөбелік жол бойында ұсталды
Күдіктіден 7 келіден астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы жедел іздестіру жұмысын аяқтады. Полиция қызметкерлері «Самара-Шымкент» тасжолында Ақтөбе тұрғынын ұстады. Ол Қызылордаға ескерткі тасымалдаған.
«Бірнеше адам ұсталды. Олар Қызылорда облысының тұрғындарымен қылмыстық ниетте алдын ала сөз байласып, Ақтөбе және Атырау облыстарында есірткі тасымалдау арнасын ұйымдастырған. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 7 келіден асады. Яғни, 1400 реттік дозаны құрайды. Қазір есірткі тасымалдауға қатысы бар басқа да адамдарды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр»,- деді облыстық ІІД-дің баспасөз қызметкері Нұргүл Қонақбаева.
Айта кетейік, жыл басынан бері Ақтөбеде 15 келіден астам есірткі тәркіленді. Ескірткі сатудың 26 дерегі анықталып, 2 контрабанданың жолы кесілді.