Қызылордалық полицейлер есірткіні заңсыз тасымалдаған 2 азаматты құрықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар айының 09-11 күндері аралығында жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау, тасымалдаудың 2 дерегін анықтады, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 2017 жылдың 9 қаңтарында сағат 19.00-де Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ғ.Әлімбетов өзіне бекітілген аумақта барлау жұмыстарын жүргізу кезінде мас күйінде жүрген 1969 жылы туылған азаматты тоқтатып, тексеру барысында күртешесінің қалтасынан газет қиындысына оралған жасыл түсті, ерекше иісі бар затты анықтайды. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, белгісіз затқа сараптама тағайындалды. Нәтижесінде, салмағы 1,96 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екендігі белгілі болды.

Дәл осындай дерек Жалағаш ауданында да тіркелді. 2017 жылғы 11 қаңтарда сағат 20.30 шамасында ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Д.Тоқмұратов іс-әрекеті күдік тудырарлық азаматты байқап қалады. Тоқтатып, тексеру барысында 1982 жылы туылған аудан тұрғынының киімінің оң қалтасынан  газет қиындысына оралған өзіне тән ерекше иісі бар, жасыл түсті шөп тәріздес зат алынды.

Екі дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу  жұмыстары жүргізілуде.