ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полиция қызметкерлері суға кетіп қала жаздаған балықшыны құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сырдария аудандық полиция бөліміне балық аулауға шыққан Қызылорда тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Сырдария АПБ учаскелік полицейлері - Нұртас Жаппасбаев пен Жандос Жұмабек дереу оқиға орнына жетіп, қиын жағдайға тап болған азаматқа қол ұшын созды.
«Полиция қызметкерлері Жаңадария каналы үстімен 200 метрдей жүзіп барған кезде қайықта ескексіз қалған азаматты байқайды. Кенеттен жауған нөсер жаңбыр салдарынан қайықты қатты ағын Жаңадария каналының ортасына алып кеткен. Полицейлер қайықты жағаға алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарылған азамат қырағылық танытқан тәртіп сақшыларына алғыс білдірді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.