Қызылордалық полицейлер ұрланған қойларды иесіне қозыларымен қосып қайтарды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Қорадан қойым ұрланды», деп арыз берген азаматтың жанайқайы бекер боп шықты, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.


«Қаңтар айының 22-сінен 23-не қараған түні Шиелі ауданы Еңбекші ауылына қарасты «Жалғыз ағаш» ауылының тұрғыны  қорасында тұрған 2 бас қойын белгісіз біреулер ұрлап кетіп, жалпы құны 50 000 теңге шығын келтіргенін көрсетіп, аудандық ішкі істер бөліміне арызданған болатын. Аталған арыз негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде қойлар аталған жайылымдық жерде қалың жыңғыл ағаштардың арасында төлдеп жатқан жерінен табылып, ешқандай ұрлық қылмысы орын алмағандығы белгілі болды. Екі қой төлдеген 2 бас қозыларымен бірге иесіне қайтарылды», делінген хабарламада.