ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында полиция қызметкерлері ауа-райының қолайсыз болуы салдарынан жолда қалып қойған 2602 жолаушыға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрқасынға байланысты «Самара - Шымкент» тасжолының Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта жолаушылар қатынасында қиындық туындады. Бұл аралықта барлық көлік құралының қозғалысына шектеу қойылды.
Полиция департаментінің қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тәулік бойы патрульдеу және бақылау жұмыстарын жүргізіп, күшейтілген кезекшілікке қызметін атқарды.
Нәтижесінде полицейлер 1356 көліктегі 2602 жолаушыға қол ұшын созды.
Полиция қызметкерлері оларды жақын маңдағы кешендерге жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Әртүрлі техникалық ақауға байланысты тұрып қалған автокөліктердің жүргізушілері мен жолаушыларына алғашқы көмек көрсетілді.
Бұдан бұрын Қызылордада елсіз далада адасқандар құтқарылған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.