ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық бір топ жанашыр азаматтар 3 баласынан қапыда айрылған отбасыға қаржылай қолдау көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, 9 қаңтарда қала шетіндегі саяжайдағы үйлердің бірінде өрт болып, бір үйдің 3 баласы қаза тапқан еді. Көп ұзамай оқиғаның мән-жайы айтылып, қылмыстық іс қозғалғалды.
Қайғыдан қан жұтқан отбасының жағдайына қайырымды қызылордалықтар бей-жай қарамай, оларға қаржылай қолдау көрсетуге ниет білдірді. Олардың қатарында белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов та бар.
Жанашыр азаматтар елден жиналған 1 млн 554 мың теңге ақшаны зардап шеккен отбасыға табыс етті.
«Бір топ жанашыр азаматтар өрттен 3 сәбиі көз жұмған отбасына қаржылай қолдауын көрсетті. Бұдан бұрын облыс және қала әкімдіктері мамандары қажетті көмектерін жасаған екен», - деді жанашырлық көрсеткендер қатарында болған Аида Смаилова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.