Қызылордадағы балалардың өлімі: Қылмыстық іс қозғалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы «Наурыз» саяжай учаскесіндегі жеке тұрғын үйден шыққан өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Бақтыберлинаның айтуынша, аталған өрт оқиғасы барысында тағы да екі адам жарақат алған. Өрттен балаларды құтқаруға көмекке келген ер азамат облыстық медицина орталығының терапия бөлімінде ем алғаннан кейін, үйіне қайтарылды. Ал екінші адам медицина орталығында емделуде.

«Осы болған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс бойынша арнайы сараптама тағайындалды», - деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасы бастығының орынбасары Назарбек Жамаладдин.

Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өрт оқиғасы кезінде есіктің іштен ілініп тұрғаны анықталды. Соның салдарынан өрт оқиғасы кезінде іште қалып қойған балалар терезе арқылы сыртқа шығарылған.

«Балалар сыртқа шығарылғанымен олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болған жоқ. Екі бала оқиға орнында қаза болса, біреуі жедел жәрдем көлігімен алып бара жатқан сәтте көз жұмды», - деді Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асқар Төлешов.

Еске салсақ, 9 қаңтарда Қызылордада тұрғын үйден шыққан өртте түтінге уланған 2011, 2012, 2014 жылдары дүниеге келген үш бала қаза болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Жалпы биылғы жыл басынан бері облыста 15 өрт оқиғасы тіркелген. Ал кешегі өңірдегі өрт адам өлімі тіркелген алғашқы оқиға болып отыр. Былтыр осындай өрт оқиғалары салдарынан 14 адам көз жұмса, олардың 1-і бала болған.

Соңғы жаңалықтар