АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 19-турында тағы бір ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл кездесуде Петропавлдың «Қызылжары» мен Қарағандының «Шахтері» шеберлік байқасты.
Ойын барысында командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 8-минутта қарағандылық клуб сапынан Иван Свиридов мергендік танытты.
Оған 33-минутта «Қызылжар» футболшысы Евгений Березкин бір голмен жауап қайырды.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді 19:00-де «Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай) кездеседі.
Аталған турды 21:00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Ақтөбе» түйіндейді.
Ал 12 тамызда «Оқжетпес» «Жетісуды» 2:1, «Атырау» «Каспийді» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Аталған турдың 10 мамырында алдын ала өткізілген ойында «Мақтарал» (Түркістан облысы) елордалық «Астанаға» 0:1 есебімен жол берген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.